КВИ-ге шалдыққандардың басым бөлігін екпе алмаған азаматтар құрап отыр – Бас санитарлық дәрігер
- 28, July 2022
- Жаңалықтар
Қазақстанда күн сайын 2,7 мыңнана аса КВИ жұқтыру жағдайы тіркеліп отыр және олардың көп бөлігін екпе алмаған азаматтар құрап отыр, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
«Қазақстанда 20 маусымнан бері КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсімі байқалуда. Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе – 8156-дан 15503 жағдайға дейін артты. Тәулігіне КВИ+ 2700-ге дейінгі жағдайы, ал КВИ- 20 жағдайы тіркелуде», – деді вице-министр.
Әйтсе де соңғы аптада ауырып қалғандардың 70%-ы 3 өңірге – Алматы, Нұрсұлтан қалаларына және Қарағанды облысына тиесілі.
А. Есмағамбетованың айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының мысалында, ауырғандардың 80%-ы екпе алмаған немесе екпе алғанына 6 айдан асқан жандар екенін көруге болады. Бұл КВИ-ге вакцинацияның қажет екенін тағы да нақтылап отыр.
Бүгінгі таңда КВИ-ге қарсы вакцинациямен ел халқының 56%-ы немесе вакцина алуға тиісті ересек адамдардың 80%-дан аса бөлігі қамтылған.
«COVID-19 қарсы ревакцинация алдыңғы вакциналар көмегімен қалыптасқан иммунитетті сақтауға және ағзаның аурудан қорғанысын күшейтуғка бағытталғанын айтқым келеді. Өкінішке қарай, КВИ-мен ауырғандар сияқты екпе алғандардың да ағзасының инфекциядан қорғану деңгейі уақыт өте төмендейді, нәтижесінде адам қайтадан инфекция жұқтыруы мүмкін. Сондықтан бастапқы вакцинациясы курсын алғаннан кейін 6 айдан соң КВИ-ге қарсы ревакцинациядан өтуге кеңес береміз» деп түйіндеді А.Есмағамбетова.