2022 жылдың 1-тоқсанында балаларға мәмс бойынша 2,77 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсетілді

  • 5, June 2022
  • Жаңалықтар

18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдікке ие санаттың бірі ретінде сақтандырылған. Олар МӘМС есебінен жоспарлы және шұғыл түрдегі стоматологиялық көмекті алуға құқылы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2022 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша балаларға 2,77 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсетілгенін атап өтті.

Балалардың мүддесін қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. 2022 жылды Ел Президенті Балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты елімізде түрлі пайдалы жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Қазақстанда 16 мамыр мен 16 маусым аралығында «Балаларға күлкі сыйла!» республикалық акциясы өтуде. Осы акцияның аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары денсаулық сақтау басқармаларымен, медициналық ұйымдармен және басқа да мүдделі құрылымдармен бірлесіп балаларға профилактикалық стоматологиялық тексерулер жүргізуді ұйымдастырады. Бұл ретте 18 жасқа дейінгі интернаттардың, балалар үйлерінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасылардың балаларына жеке көңіл бөлінеді.

«Қазір балалардың көбінде тістің жетілуіне қатысты ақаулар кездеседі. Әсіресе, пульпит жиі ұшырасады. Тістің кеш пайда болатын жағдайлары жиі кездеседі, тістер қисық өседі. Мұның бәріне ата-ананың балаға қатты тамақ бермеуі себеп. Бала алма, сәбіз, печенье, құрт, ет сияқты қатты тағамдарды қаншалықты көп тістесе, оның тістері соғұрлым жақсы болады. Ата-аналар көбінесе балаларға жұмсақ тамақ береді. Балалар пюре, йогурт секілді тағамдарды шайнамай жұтады. Бұл тіс-жақ жүйесінің дамуына зиянын тигізеді. Сонымен қатар балалар фаст-фуд, тез дайындалатын тағам, газдалған тәтті сусындарды жақсы көреді. Бұлар тістің ерте бұзылуына әкеледі. Сондықтан адамның сау тістері ұзақ сақталуы үшін бала кезінен дұрыс стоматологиялық күтімді сақтау керек», – деп кеңес береді «Балаларға күлкі сыйла!» акциясына қатысушы, астаналық «Еr-Stom» стоматологиялық клиникасының стоматолог дәрігері Айнұр Нұрғалиева.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдік санатына кіретінін және олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейтінін еске салды. МӘМС жүйесінде балаларға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек қамтылған. 2022 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша балаларға 8 млрд теңгеге 2,77 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсетілді.

Стоматологиялық көмек пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады, яғни учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. Қызметтерді алу үшін Қормен келісімшарты бар жеке стоматологияны таңдауға немесе өз емханаңыздың стоматологиялық кабинетіне жүгінуге болады. Елімізде МӘМС аясында 600-ден астам медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көрсетеді.

МӘМС бойынша стоматологиялық көмекті кім ала алады?

Жоспарлы стоматологиялық көмек МӘМС пакетімен келесі азаматтар үшін қарастырылған:

– балалар;

– жүкті әйелдер.

Шұғыл стоматологиялық көмек ала алатын азаматтар:

– 18 жасқа дейінгі балалар;

– жүкті әйелдер;

– ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар;

– I, II, III топтағы мүгедектер;
– «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар;

– атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

– жасы бойынша зейнеткерлер;

– жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;

– ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін қазақстандықтар.

МӘМС-те пациенттердің осы санаттары үшін тегін көрсетілетін қызметтер:

– анестезия;

– жақ немесе тістің рентгенографиясы;

– тісті жұлу;

– пломбаны дайындау және салу;

– периостотомия;

– пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу;

– абсцессті ашу.

Егер сұрақтарыңыз болса, сіз оларды емханаңыздан Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласып сұрай аласыз. Егер сізге ол жерде көмек көрсетілмесе, онда өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. Дәл осы құралдар сақтандырылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР электрондық үкіметінің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы біле аласыз.

Жазбаны бөлісу